
Ақтау, Маңғыстау облысы – Ювеналдық полиция тобының аға учаскелік инспекторы, полиция майоры Оңғабаев Мади Серікұлы 2019 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет атқарып келеді. Оның негізгі қызметі – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды және оқыс оқиғаларды алдын алу.
Күнделікті жұмыс барысында Мади Серікұлы білім беру ұйымдарында профилактикалық әңгімелер өткізеді, жасөспірімдерге құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл іс-шаралар жастардың заңды сақтауға, дұрыс тәртіпке үйренуіне бағытталған.
Сонымен қатар, инспектор есепте тұрған кәмелетке толмағандар мен қолайсыз отбасыларды бақылауда ұстайды және олардың тәртібін тұрақты түрде мониторинг етеді. Түнгі рейдтік іс-шаралар кезінде тұрғын үйден тыс жүрген жасөспірімдер анықталса, олар заңды өкілдеріне тапсырылып, тиісті профилактикалық шаралар қабылданады.
Ювеналдық полицияның бұл жұмысы – жастардың қауіпсіз ортасында өмір сүруін қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдағы тәртіпті нығайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.