Маңғыстау облысында есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстарының қорытындылары шығарылды

Маңғыстау облысында есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстарының қорытындылары шығарылды

Өңірде жыл бойы тыйым салынған заттардың таралуына байланысты жеткізу арналарының жолын кесу, қаржылық схемаларды бұғаттау және қылмыстық қызметті анықтау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді.

12 айдың ішінде облыста есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты 446 құқық бұзушылық тіркелді, олардың 81-і қылмыстық сипатта болды. Заңсыз айналымнан 742 кг 902 г есірткі заты тәркіленді. Тергеу шеңберінде 75 күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, 206 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, заңнамада көзделген шаралар қабылданды.

Білім беру мекемелерінде және қоғамдық орындарда профилактикалық әрі түсіндіру жұмыстары аясында кездесулер, рейдтер мен семинарларды қоса алғанда 761 іс-шара өткізілді. Оларға өңірдің 22 мыңнан астам тұрғыны қатысты. Көшелер мен қоғамдық кеңістіктерде тыйым салынған заттарды жарнамалайтын 553 граффити анықталып, жойылды, сондай-ақ оларды насихаттауға пайдаланылған 1199 интернет-ресурс бұғатталды.

Заңсыз айналыммен байланысты қаржылық операцияларды тоқтатуға ерекше назар аударылды. «Антифрод» жүйесінің көмегімен көлеңкелі схемаларға қатысы бар 10 554 банктік шот бұғатталып, жалпы сомасы 1 млрд 258 млн теңгеден асатын заңсыз қаржы айналымының жолы кесілді.

Халықпен өзара байланыс орнату мақсатында «Стоп синтетик Маңғыстау» Telegram-боты өз жұмысын жалғастыруда. Бұл бот тұрғындарға есірткі қылмысына қатысты фактілер туралы анонимді түрде хабарлауға мүмкіндік береді.

Аталған мәліметтер тыйым салынған заттардың таралуына жедел ден қоюға және оның алдын алуға мүмкіндік береді.

Полиция 2026 жылы есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстарын одан әрі күшейтетінін мәлімдеді. Қабылданып жатқан кешенді шаралар жастарды қорғауға, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және азаматтарды есірткінің заңсыз айналымына тартудың алдын алуға бағытталған.


 Polisia.kz : https://polisia.kz/ru/podvedeny-itogi-raboty-po-bor-be-s-narkoprestupnost-yu-v-mangistauskoj-oblasti/