
Іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың жаппай жиналатын орындарында, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерде өңір тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды.
31 желтоқсан күні кешке Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов гарнизондық саптық жиын өткізіп, жеке құрамға мерекелік түнде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша нақты міндеттер жүктеді. Түн ішінде «102» арнасына түрлі сипаттағы 99-дан астам өтініш түсті. Барлық хабарламалар патрульдік нарядтар мен кезекші қызметтер тарапынан жедел түрде қаралды. Полиция қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында Жаңа жыл түні өңірде ауыр қылмыстар мен елеулі құқық бұзушылықтарға жол берілген жоқ.
Қызмет атқару барысында полиция департаментінің бастығы кезекші бөлімшелер мен стационарлық бекеттерді жеке өзі аралап, қызметте жүрген қызметкерлерді мерекемен құттықтап, қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен атқарғандары үшін алғысын білдірді. Полиция қоғамдық тәртіпті сақтағаны және қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарағаны үшін өңір тұрғындары мен қонақтарына ризашылығын білдіреді.