
3 желтоқсан күні Yessenov University-де «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Саналы ұрпақ – сыбайлас жемқорлықсыз болашақ» тақырыбында TEDx форматындағы мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараға қоғам белсенділері, университет оқытушылары, студенттер және арнайы шақырылған спикерлер қатысты.
TEDx — әлемге танымал TED Talk стандарттарына негізделген, жергілікті қауымдастыққа арнап ұйымдастырылатын ойға қонымды, қысқа әрі әсерлі баяндамалар ұсынылатын диалог алаңы. Кездесу барысында қатысушылар бүгінгі қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайту, жастардың құқықтық мәдениетін көтеру мәселелерін талқылады.
Спикерлер жемқорлықсыз қоғам қалыптастырудың маңызын атап өтіп, жастарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға, заңға құрметпен қарауға және құқық бұзушылықтың кез келген түріне төзбеушілік көрсетуге шақырды.
Сонымен қатар, шара аясында интернет-алаяқтықтан қорғану жолдары, цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жеке деректерді қорғау және күмәнді онлайн әрекеттерді анықтау бойынша практикалық кеңестер берілді. Қатысушыларға интернеттегі жаңа қауіп-қатер түрлері мен алаяқтардың жиі қолданатын әдістері түсіндіріліп, олардан сақтанудың тиімді тәсілдері ұсынылды.
Кездесу студенттердің құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, қоғамда жауапты әрі белсенді азамат ретінде дамуына ықпал етті.