
Маңғыстау облысында жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыру және нашақорлықтың алдын алу мақсатында екі ақпараттық-профилактикалық кездесу өтті.
Алғашқы кездесу Ш. Есенов атындағы университетте TEDx форматыда ұйымдастырылды. Спикерлер адалдықтың маңызы, қылмыстың алдын алуда бейнебақылаудың рөлі, цифрлық қауіпсіздік және жастар арасындағы нашақорлықпен күрестегі тәрбиелік әдістер туралы қысқа әрі мазмұнды ақпарат берді.
Екінші кездесу «Маңғыстау есірткісіз» жобасы аясында «Қаражанбасмұнай» АҚ-да өтті. Полиция қызметкерлері мен психологтар психобелсенді заттарды қолданудың салдары, тәуелділіктің пайда болу себептері, ерте профилактика әдістері туралы жан-жақты түсіндіріп, сондай-ақ лудомания және оның алдын алу мәселесін қозғады.
Екі кездесу де құқықтық сананы нығайтуға, жастардың ақпараттандырылуын арттыруға және өңірде қауіпсіз, салауатты орта қалыптастыруға бағытталды.