Елордада Маңғыстаулық полицейлер марапатталды

Елордада Маңғыстаулық полицейлер марапатталды

Астанада бейбіт уақытта ерлік пен жанқиярлық танытқан полиция қызметкерлері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілерін ұлықтауға арналған «Қазіргі заман қаһармандары» республикалық акциясы өтті. Салтанатты шарада еліміздің әр өңірінен келген 15 полиция қызметкері марапатталды. Солардың қатарында Маңғыстау облысының қаһарман полицейлері – Жаңаөзен қаласы Полиция басқармасының учаскелік инспекторы, полиция капитаны Қосанов Мырзақұл Садуақасұлы және Жаңаөзен қаласы ПБ патрульдік полиция ротасының инспекторы, полиция аға лейтенанты Усербаев Бекес Рахымұлы бар.

— Биылғы жылдың 4 ақпанында мектеп маңындағы аялдамада тұрған қоғамдық көліктен шұғыл көмек қажет екені туралы хабарлама түседі. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері ес-түссіз жатқан қыз балаға дереу алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Олар бұл туралы Жедел басқару орталығына хабарлап, жедел жәрдем шақырады. Екі қызметкердің үйлесімді әрекеттері оқушы қыздың өмірін аман алып қалуға септігін тигізді.

ҚР Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Е. Саденовтің атынан олар қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені, ерлік пен батылдық танытқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар, 10 қараша — «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ардагерлерінің күні» мерекесіне орай олар ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлерінің қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Ө. Болсамбековтің Құрмет грамотасын және Астана қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры М. Төлебаевтың адам өмірін құтқарғаны және қызметтегі жетістіктері үшін Алғыс хатын алды.

Полицейлердің батыл әрекеті — жастар үшін үлгі.