Маңғыстау облысында киік ұшалары мен мүйіздерін заңсыз сақтаған тұрғын ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері мен "Бүркіт" арнайы бөлімшесі, Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен Бейнеу ауданының Тұрыш ауылындағы бір үйдің ауласынан киікке қатысты заңсыз әрекеттердің дерегін анықтады.
Тінту кезінде Қызыл кітапқа енгізілген 9 киіктің ұшасы, 30 мүйізі, сондай-ақ 16 мм калибрлі оқ-дәрілер мен өзге де заттай айғақтар табылып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, материалдар СДТБТ-ға енгізілді. Тәркіленген айғақтар сараптамаға жіберілді.
Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде елден кетпеу туралы қолхат алынды.
Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/mangghystau-oblysynda-mujizderin-zangsyz-saqtaghan-turghyn-ustaldy/