Қызылорда облысында есірткіге байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және мұғалімдердің мәртебесін көтеру, олардың құзыреттілігін арттыру және нашақорлыққа қарсы профилактикалық жұмысты дамытуға ықпал ету мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен «Мен есірткісіз өмірді насихаттаймын!» ұранымен ұстаздар арасында нашақорлыққа қарсы облыстық байқау өтті.
Мұғалімдер үш номинация бойынша сайысқа түсті: «Үздік тәрбие жұмысы» – нашақорлыққа қарсы кездесулер, дәрістер, сынып сағаттарын өткізу; «Есірткіге қарсы үздік акция» - түрлі ақпараттық науқандарды өткізу; «Үндеу» – байқауға қатысушы азаматтарға, жастар мен жасөспірімдерге үндеуін ұсынып, тақырыптың маңыздылығын түсіндіру.
Байқаудың ақтық кезеңіне 16 үміткер қатысып, оның төртеуі жеңімпаз деп танылды. Олар - Арал ауданы №292 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ембергенова Әсем Салауатқызы, Қазалы ауданы №204 орта мектептің химия пәнінің мұғалімі Өтеналиева Жаңагүл Көпжанқызы, Қармақшы ауданы №279 мектеп-лицейінің математика пәні мұғалімі Акжигит Айсауле Турабаевна және Қызылорда қаласы №198 орта мектептің информатика пәні мұғалімі Кагазбаева Шапагат Романкуловна.