Қызылорда облысында полиция бөлімінде алғаш рет кітапхана ашылды

Қызылорда облысында полиция бөлімінде алғаш рет кітапхана ашылды

Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жалағаш аудандық полиция бөлімінде тәртіп сақшыларының кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында алғаш рет кітапхана ашылды.

Кітапхананың ашылу салтанатына Ішкі істер органдары мен Ұлттық Ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Ө.Қ. Болсамбеков және ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі А.Б. Амзеев, Қызылорда облысы ПД Ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полиция полковнигі Ә.Б. Шаймағамбетов қатысты.
Қай кезде, қай заманда болмасын кітап құндылығын жоғалтпайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бүгінгі заманда кітапсыз, сондай-ақ кітапханасыз адамның ойдағыдай дамуы мүмкін емес. Бүкіл әлемдегі кітапханалар – білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені» деген болатын.
Шараға қатысушылар кітапхананың ашылуы полиция қызметкерлерінің білімін арттыруына ықпал ететінін атап өтті. Жаңа кітапхана – қызметкерлер үшін ақпарат алу алаңы ғана емес, ой өрбітіп, білімдерін арттыруға ден қоюға мүмкіндік беретін қасиетті орда.
Сонымен қатар Үкімет Қаулысымен Қазақстанда жаңа мереке «23 сәуір – Ұлттық кітап күні» бекітілді.
Аталмыш мереке Мемлекет басшысының қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына байланысты белгіленді.
«Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деді Президент Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде.
Осы орайда Жалағаш аудандық полиция бөлімінде "Кітап-қымбат қазына" тақырыбында рухани-танымдық шара өтті. Шараға шақырылған полиция бөлімінің бастауыш ардагерлер ұйымының мүшелері және бөлім басшылығы ашылған кітапханаға кітаптар сыйлады. Сыйға тартылған кітаптар оқу залындағы арнайы кітап бұрышына орналастырылды.
Кітап сыйлаушылар жас полиция қызметкерлеріне бірнеше кітаптың мазмұны жайлы әңгімелеп, оларға қызметтен бос уақытта кітап оқып, рухани-танымдық көкжиектерін кеңейте түсуге кеңес берді.
Ардагер Болатбек Нұржанұлы аудандық полиция бөлімінің кітапханасына өз туындысын сыйласа, Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек "Абай жолы" романын сыйға тартты.
Алдағы уақытта кітапхана қоры жаңа кітаптармен, танымдық басылымдармен толықтырылмақ.