Қызылордада мопедті алғашқы тіркеу жұмыстары өтті: 25 жастағы жас жігіт көліктің техникалық төлқұжатын және мемлекеттік тіркеу нөмірін алды.
«2024 жылы «Жол қозғалысы туралы» Заңға түзетулер енгізілді». Негізгі мақсат – мопедтерді пайдалануды реттеу. Енді мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушылары болып табылады және оларға барлық заң талаптары қолданылады. Ағымдағы жылдың 11 қаңтарынан бастап пилоттық жоба аясында мопедтерді тіркеуге рұқсат беретін ережелер қазірдің өзінде күшінде. Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігі оларды тіркеу үшін қажетті құжаттардың тізбесін әзірледі және мопедтің жақтауында сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда да оңайлатылған тәртіпте жүзеге асырылатын болады.
Құрметті мопед иелері! Заң талаптарын бұзбау үшін мопедтерді тіркеу және А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алу қажеттігін хабарлаймыз», - деді Қызылорда облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұркен Бақтияров.
Еске салайық, ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске мопед жүргізушілерінің көлік құралдарының жүргізушілері ретіндегі жауапкершілігіне қатысты түзетулер күшіне енеді.
Оларда А1 санатындағы жүргізуші куәлігі болуы керек және басқа жол қозғалысы қатысушылары сияқты заңды жауапкершілікке тартылады.
Ақпарат ретінде:
2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестіріледі.
Оларды пайдалану келесі шарттарды сақтаған жағдайда ғана мүмкін болады:
• полицияда тіркеу,
• А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігінің болуы,
• техникалық байқаудан өту,
• азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру.
Мопедтерді тіркеу тұрғылықты мекенжайы бойынша арнайы ХҚКО-да (СпецЦОН) жүргізіледі. Қажетті құжаттар:
• жеке куәлік (электронды түрде көрсетуге болады), техникалық құжат немесе мопедтің сипаттамалары туралы деректер,
• өтініш толтыру, көлік құралын тексеруден өткізу,
• төлқұжаттық төлемдерді төлеу.
Тіркелмеген мопедтерді аталған күннен бастап пайдалануға және жүргізуші куәлігінсіз басқаруға тыйым салынады.