Жасөспірімдер арасындағы нашақорлық мәселесі қазіргі кездегі басты мәселелердің біріне айналды.
Әр түрлі психоактивті заттарды тұтынудың өсуі аясында жастардың өлімі мен мүгедектігі артып келеді. Сондықтан мұндай қауіпті және зиянды тәуелділіктің алдын алу ең өзекті мәселе болып табылады.
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Есірткі туралы барлық шындық» тақырыбында пікірталас өтті. Мектеп оқушыларымен кездесуге Қызылорда облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері келді. Бұл іс-шараның мақсаты жасөспірімдерді нашақорлықтың әлеуметтік және медициналық аспектілерімен, сондай-ақ оның заңды салдарымен таныстыру болды.
Пікірталас барысында балаларға есірткі заттарының қайдан пайда болғаны және оларды тұтыну әлеуметтік проблемаға айналғаны, адамның қалай тәуелді болатыны және жастардың есірткіге қандай жолдармен «отырғызылатыны» айтылды. Мысалдар мен электронды презентация көрсетілді. Сондай-ақ, жасөспірімдерге Қызылорда облысында есірткі заттарының таралуына қарсы күрес қалай жүріп жатқаны және есірткіні тұтыну мен тарату фактісіне тап болса, көмекке қайда жүгіну керектігі айтылды.
Полиция қызметкерлері оқушыларға қызығушылық немесе абайсыздықпен өмірлерін бұзбауға, есірткі тұтынбауға шақырды.