Қызылорда облысында бақташы өзіне сеніп тапсырылған малды ұрлап, сатқан

Қызылорда облысында бақташы өзіне сеніп тапсырылған  малды ұрлап, сатқан
Қызылордалық полицейлер өзгенің малын сатқан бақташыны ұстады.
​2021 жылдың көктемінде Қызылорда облысының Қазалы ауданында жеке шаруашылық қожалығының иесі 53 түйесін жергілікті бақташыға сеніп тапсырған. Уақыт өте малдарын санағанда едәуір бөлігі жоқ болып шыққан.
​Аудандық полиция бөліміне арызданған ол 21 түйесінің жоғалғанын хабарлайды. Тексеру жұмыстарын жүргізген полиция қызметкерлері бұл жайтқа бақташының қатысы бар екенін анықтайды.
Қылмысқа күдіктелген бақташы малдардың көп бөлігін иемденіп, сойып, етін сатып, ал ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Жалпы жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 9 миллион теңгеден асты.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 189-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп – тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті Қазалы аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Оқиғаның мән – жайлары анықталуда.