Қарттар күніне орай ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Қарттар күніне орай ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетілді
Қарт дегеніміз - ағып жатқан дария, теңіз іспеттес. Теңіздің тұнығы мен тереңдігі қандай болса, қарияларымыздың да білетіні сондай терең. Қариялар халқымыздың өткені мен бүгіні, тұнып жатқан тарихымыз «Қарттары бар елдің қазынасы бар» деген аталы сөз осыдан қалса керекті. Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Қарттарымыз бағасыз байлық, төрімізде отыруының өзі бір бақыт. 1 қазан-Дүниежүзілік қарттар күніне орай, Қызылорда облысы ПД Ардагерлер кеңесі мен департамент қызметкерлері бірлесіп «Қариясы бар ел – қазынасы бар ел» салтанатты іс-шара өткізді. Іс-шараға ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты.
Өмірдің талай белестерінен табысты өтіп, бүгінде алып бәйтеректей бір әулеттің ақылшы тірегі, ұжымның арқа сүйер ардагерлерін Қызылорда облысы Полиция департамент басшылығы құттықтап, оларға алғыс білдірді.
Шара барысында ҚР ІІМ-нің бұйрығымен «Қазақстан ІІМ Құрметті ардагері» төс белгісімен 4 ардагеріміз марапатталса, Қызылорда облысы ішкі істер органдарының зейнеткерлерін марапаттау туралы департамент бастығының бұйрығына сәйкес «Қазақстан полициясына 30 жыл» төс белгісімен - 29, «Алғыс хатпен» - 16, Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің «Алғыс хатымен» - 5 ардагер марапатталды.
Іс-шараның қадірменді ардагерлері Рахимов Тастемір Сауранбайұлы мен Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұңғышбай Серікбол Қуатбайұлы қатысушыларға өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Салтанатты шара полиция қызметкерлерінің күшімен дайындалған мерекелік концертке ұласты. Ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытқан ардагерлер өз кезегінде іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.