Қызылордада полиция ардагерінің отбасы құрметке бөленді

Қызылордада полиция ардагерінің отбасы құрметке бөленді

Отбасы күні қарсаңында «Отбасы орталығында» жүрекке жылу, көңілге өнеге сыйлаған тағылымды жүздесу өтті. Іс - шараға облыс әкімі Ергешбаев Мұрат Нәлқожаұлы берекесі мен бірлігі жарасқан өнегелі отбасылармен және өмірдің жаңа белесіне қадам басқан жас жұбайлармен жүздесіп, ақжарма тілегін жеткізді.

Тағылымды кездесуде отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен өзара түсіністіктің маңызы кеңінен сөз болды.

Жиынға ішкі істер органдарының құрметті ардагері Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Қоразбаев Хұсайын Асанұлы да қатысты. Жұбайымен бірге 40 жыл ғұмыр кешіп, отбасылық өмірдің талай белесін бірге еңсерген ардагер «Лағыл той» мерейтойына жеткен өнегелі отбасы ретінде зор құрметке бөленді.

Хұсайын Асанұлы ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарып, құқық қорғау саласына елеулі үлес қосқан ардагер. Саналы ғұмырын ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігіне арнаған азамат бүгінде отбасы құндылықтарын ұлықтап, кейінгі ұрпаққа өмірлік тәжірибесі мен өнегесін дәріптеп келеді.

Тағылымды жүздесу соңында мерейтой иелеріне облыс әкімінің құттықтау хаттары, сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталып, өнегелі отбасыларға деген ыстық ықылас пен ізгі құрмет білдірілді.