Жол қауіпсіздігі бойынша брифинг өтті

Жол қауіпсіздігі бойынша брифинг өтті

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Манатов Мұратбек Мейрамбекұлының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.

Брифинг барысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы атқарылған нәтижелі шаралар туралы кеңінен айтылды.

Бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі мен жауапкершілігін арттыру бағытында Қызылорда облысы Полиция департаменті тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Профилактикалық шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері облыс жолдарында 811 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15,6%-ға төмендеді.

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілердің жолдағы тәртібін арттыру мақсатында Департамент тарапынан «Қауіпсіз жол», «Жалған нөмірлер», «Тасымалдаушы», «Автобус», «Құқықтық тәртіп» және т.б. шаралар өткізілді.

Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 248 мыңнан астам дерегі анықталды.

Атап айтқанда, көлік құралын масаң күйде басқарудың – 589, қарсы бағытқа шығу – 264, жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы қағидаларын бұзу – 6973, белгіленген жылдамдық режимін бұзудың 90 мыңнан астам, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланудың 12 мыңнан астам, қауіпсіздік белдігін пайдаланбаудың 35 мыңнан астам, жаяу жүргіншіге жол бермеудің 4575 дерегі.

Бұл көрсеткіштер жол қозғалысына қатысушылар арасында тәртіп пен жауапкершілікті одан әрі күшейту қажеттігін көрсетеді.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде заманауи технологияларды тиімді пайдалану да маңызды бағыттардың бірі.