
Қызылорда облысында полиция қызметкерлері Тараз қаласының тұрғынын интернет-алаяқтардың құрбаны болудан сақтап қалды. Шымкент – Самара тасжолы бойымен келе жатқан Тараз қаласының тұрғынының телефонына белгісіз нөмірден хабарлама келіп, артынша оған қоңырау шалынған. Белгісіз тұлғалар келген растау кодын сұрап, ер адам оны айтып берген. Біраз уақыттан кейін алаяқтық әрекеттен күдіктенген тұрғын бірден «102» арнасына хабарласқан. Хабарлама бойынша Арал аудандық полиция бөлімінің Криминалдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері жедел әрекет етіп, тұрғынға интернет-алаяқтардың арбауына түспеу жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ бейтаныс адамдарға SMS-кодтар мен жеке мәліметтерді бермеу керектігін ескертіп, шағымын қабылдады. Өз кезегінде Тараз қаласының тұрғыны полиция қызметкерлеріне жедел көмек көрсетіп, алаяқтықтың алдын алуға ықпал еткені үшін алғысын білдірді.