
1–3 шілде аралығында қала көлемінде «Нүктелік пысықтаулар» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғау, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу. Осыған байланысты Қызылорда қаласы аумағында кезекті рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Рейд барысында қоғамдық тамақтану орындары, көлік жуу орталықтары, ойын-сауық орындары және басқа да нысандар тексерілді. Іс-шара кезінде беймезгіл уақытта жүрген жасөспірімдерді анықтау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбек заңнамасының талаптарының сақталуына бақылау жүргізілді. Рейдке Қызылорда қаласы Полиция басқармасының ювеналды полиция бөлімшесінің инспекторлары, еңбек инспекциясының мамандары және Жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысты. Тексеру барысында кәсіпкерлерге кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау кезінде еңбек заңнамасының талаптарын сақтау қажеттігі түсіндіріліп, жасөспірімдердің құқықтарын қорғауға бағытталған профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қызылорда қаласы Полиция басқармасы азаматтарды кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бейжай қарамауға және еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады.