Полиция күніне орай Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары брифинг берді

Полиция күніне орай Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары брифинг берді

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне орай Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Тоқтыбаев Серік Әбдімәуленұлының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті. Брифинг барысында Қазақстан полициясының қалыптасу тарихы, полиция қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстары туралы айтылды. Сондай-ақ кәсіби мерекеге орай ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің ерлігі еске алынды. Тәуелсіздік жылдары Қызылорда облысы Полиция департаментінің 4 қызметкері қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан. Олардың есімдерін ұлықтау мақсатында облыс көлеміндегі білім беру ұйымдарында «Жас сақшы» полиция сыныптары ашылып, бүгінде онда 150-ге жуық оқушы білім алуда. Сонымен қатар облыс бойынша ардагерлер ұйымында 2500-ден астам ардагер-зейнеткер тіркелген. Ағымдағы жылы Жалағаш аудандық полиция бөлімінде ішкі істер органдары ардагерлерінің құрметіне «Ардагерлер аллеясы» ашылды. Брифинг барысында Серік Әбдімәуленұлы полиция қызметкерлері арасында жүргізіліп жатқан идеологиялық, тәрбиелік және патриоттық жұмыстарға ерекше тоқталып өтті. Қызметкерлердің кәсіби мәдениетін арттыру, құқықтық сауаттылығын нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру бағытында тұрақты түрде кездесулер, семинарлар мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылатыны айтылды. Сондай-ақ Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағы қызметкерлерінің халықаралық және республикалық спорт жарыстарында жоғары нәтижелер көрсетіп жүргені атап өтілді. Мемлекет басшысының «Халыққа жақын полиция» қағидаты аясында тұрғындармен ашық байланыс орнату, қоғамдық орындарда профилактикалық және танымдық шаралар өткізу, «Ашық есік күндерін» ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері облыстық қан орталығымен бірлесіп донорлық қозғалысқа белсенді қатысып, бүгінгі күнге дейін 200-ден астам қызметкер ерікті түрде қан тапсырған. «Біздің әріптестеріміз күндіз де, түнде де, ыстықта да, суықта да қоғамдық қауіпсіздікті сақтап, азаматтардың құқығы мен тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп келеді. Құрметті ардагерлер, әріптестер! Барлығыңызды Полиция департаменті басшылығының атынан Полиция күні мерекесімен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, халқымыздың бейбітшілігі мен тыныштығы, Қазақстанды өркендету жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, шаңырағымыз ырыс-несібеге толсын!» деген ізгі лебізін білдірді Департамент бастығының бірінші орынбасары С.Тоқтыбаев.