Қызылордада Қазақстан полициясы күніне орай құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында волейбол турнирі өтті

Қызылордада Қазақстан полициясы күніне орай құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында волейбол турнирі өтті

23 маусым – Қазақстан полициясы күні мерекесіне орай Қызылорда облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен волейболдан жарыс өтті. Спорттық сайысқа өңірдегі құқық қорғау органдарының құрама командалары қатысты. Тәртіп сақшыларымен ұйымдастырылған бұл іс-шараның мақсаты - қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру мен спортты дамыту, сондай-ақ құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту. Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы қатысып, қонақтар мен қатысушыларды Қазақстан полициясы күні мерекесімен құттықтады. Өз сөзінде ол спорттың тәртіп пен төзімділікті қалыптастырудағы, ұжымдық бірлік пен ұйымшылдықты нығайтудағы маңызына тоқталып, барлық командаларға сәттілік тіледі. Қатысушылар жоғары спорттық дайындықтарын, командалық ұйымшылдықтары мен жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Жарыс достық пен өзара сыйластықты дәріптеп, әріптестік байланысты нығайтуға мүмкіндік берді. Турнир қорытындысы бойынша І орынды ҚР ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің командасы иеленді. Ал ІІ орын Қызылорда облысы Полиция департаментінің командасына бұйырса, ІІІ орынды Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің командасы жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды. Қазақстан полициясы күні қарсаңында ұйымдастырылған спорттық шара қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірлігін нығайтуға өз үлесін қосты.