
Қызылорда қаласындағы «Анаға тағзым» орталығында Қазақстан полициясы күніне орай «Полициядағы әйел – тәртіп пен парасаттың тірегі» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – полиция саласында қызмет атқарып жүрген әйел қызметкерлердің кәсіби жетістіктерін насихаттау, олардың қоғамдағы және құқық қорғау жүйесіндегі маңызды рөлін дәріптеу, сондай-ақ үздік қызметкерлерді марапаттау. Кездесуге құқық қорғау органдарының өкілдері, сала ардагерлері, әйел қызметкерлер мен қоғам белсенділері қатысты. Кездесу барысында әйелдердің полиция қызметіндегі орны, қызмет пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау, жас мамандарға тәлімгерлік ету және қазіргі полициядағы әйел көшбасшылардың тәжірибесі секілді өзекті тақырыптар талқыланды. Шара барысында Қызылорда облысы Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің мүшесі Алтын Әділбекқызы сөз сөйлеп, ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарып жүрген әйелдердің еңбегіне жоғары баға беріп, оларды кәсіби мерекемен құттықтады. Сонымен қатар қызметтік міндеттерін адал әрі мінсіз атқарып, жоғары кәсібилігі және ішкі істер органдарының оң имиджін қалыптастыруға қосқан үлесі үшін бірқатар әйел қызметкерлер марапатталды. Шара барысында «Қызылорда қалалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Алғыс хаты табысталды. Марапаттау рәсімі мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бүгінде полиция қатарындағы әйелдер тергеуші, анықтаушы, жедел уәкіл, криминалист болып табысты еңбек етіп келеді. Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында кәсібилік пен жауапкершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп, құқық қорғау органдарының беделін арттыруға елеулі үлес қосуда. Шара соңында қатысушылар полиция қызметіндегі әйелдердің кәсібилігі мен адалдығы құқық қорғау жүйесінің дамуына және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосып отырғанын атап өтті. «Полициядағы әйел – тәртіп пен парасаттың тірегі» атты дөңгелек үстел олардың еңбегіне құрмет көрсетіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды.