
Ішкі істер министрлігінде жыл сайын өткізілетін «Қарасора – 2026» жедел-алдын алу іс-шарасының басталуына арналған республикалық кеңес өтті. Бейнеселекторлық кеңеске Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, сондай-ақ ІІМ комитеттері мен департаменттерінің, Ұлттық ұланның және аумақтық полиция бөліністерінің басшылығы қатысты. Қызылорда облысында өткен бейнеселекторлық кеңеске Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Серік Жүрсінбайұлы Ергешов, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Еренғалиұлы Жаналинов, Қызылорда қаласының прокуроры, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің өкілдері, ҚР Әділет министрлігінің Қызылорда облысы бойынша Сот сараптамалары орталығының директоры, сондай-ақ облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшылары қатысты. «Қарасора – 2026» жедел-алдын алу іс-шарасы ағымдағы жылдың 1 маусымы мен 31 қазаны аралығында өткізіледі. Іс-шараның негізгі мақсаты – есірткі қылмыстарының, оның ішінде есірткі құралдарын заңсыз тарату, өндіру және құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру фактілерінің жолын кесу. Іс-шара барысында ІІМ-нің арнайы бөліністері мен әскери қызметшілері жұмылдырылып, тікұшақтар, жоғары өтімді автокөліктер, қызметтік-іздестіру иттері және заманауи техникалық құралдар пайдаланылады. Биыл құрамында есірткі бар өсімдіктердің шалғай аумақтардағы ошақтарын анықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары мен ғарыштық мониторинг мүмкіндіктері кеңінен қолданылатын болады. Ішкі істер министрлігі барлық мүдделі мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-қимылы есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрестің тиімділігін арттырып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететініне сенім білдіреді.