
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және Киберпол басқармаларының қызметкерлері Батыржан Шалғынбаев атындағы №217 ІТ-мектеп-лицейі ата-аналарымен нашақорлық пен интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында профилактикалық кездесу өткізді. Кездесу барысында полиция қызметкерлері есірткінің адам ағзасына тигізетін зияны, оны заңсыз сақтағаны мен таратқаны үшін қарастырылған жауапкершілік туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, интернет кеңістігінде жиі кездесетін алаяқтық түрлері, жеке деректерді қорғау тәсілдері және күмәнді сілтемелер мен жалған хабарламалардан сақ болу қажеттігі айтылды. Іс-шара барысында ата-аналарға жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отбасы тәрбиесінің маңызы ерекше екені түсіндіріліп, балалардың интернеттегі белсенділігіне бақылау жасау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бойынша кеңестер берілді. Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, полиция қызметінің қоғамдағы рөлі мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ақпарат алды.