
Қызылорда облысының Полиция департаментінде 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесіне орай «Ер есімі – ел есінде» атты облыстық диктант өткізілді. Бұл шараның басты мақсаты – сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен батырларымыздың рухына тағзым ету, өскелең ұрпақ пен жеке құрам арасында отансүйгіштік қасиетті нығайту және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, қызметкерлердің тілдік сауаттылығын арттыру. Шараның барысында диктантқа департаменттің түрлі бөліністерінен жиналған қызметкерлер қатысты. Шараға арнайы шақырылған білікті тіл мамандары диктант барысын бақылап, қатысушылардың сауаттылығына баға берді. «Ұлы Жеңіс күні – біз үшін қасиетті мереке. Бүгінгі диктант тек сауаттылықты тексеру емес, бұл – тарихқа құрмет, бабалар ерлігіне тағзым. Полиция қызметкері тек тәртіп сақшысы ғана емес, өз тілін, тарихын жетік білетін тұлға болуы тиіс», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.