
Бүгін Ұлы Жеңіс күніне орай Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Оралбек Омаров және Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағамбетов бастаған қызметкерлер тобы ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетті.
Сыр өңірінің тәртіп сақшылары ел тыныштығы жолында аянбай еңбек еткен ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, мерекелік құттықтауларын жеткізді. Сонымен қатар тыл еңбеккерлері мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жесірлеріне де сый-сияпаттар табысталды.
Осыған орай департамент өкілдері мен Ардагерлер кеңесінің мүшелері Төлеш Әлиев, Аманкүл Абсадирова және Шаркуль Жубаниязова шаңырағына барып, мерекелік тартуларын ұсынды. Қазіргі таңда ішкі істер органдары ардагерлерінің қатарында 5 тыл еңбеккері мен 6 ҰОС ардагерінің жесірі бар.
Мереке аясында ішкі істер саласында ұзақ жылдар адал қызмет атқарып, бүгінде құрметті зейнет демалысына шыққан ардагерлердің үйлеріне азық-түлік себеттері жеткізілді. Бұл — олардың ел қауіпсіздігі жолындағы ерен еңбегіне көрсетілген шынайы құрметтің белгісі.
Құқық қорғау саласының ауыр да жауапты қызметін абыроймен атқарған ардагерлер саналы ғұмырын ел тыныштығына арнады. Бүгінде олар жас полицейлерге ақыл-кеңес беріп, кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп келеді.
Ардагерлер өздеріне көрсетілген құрмет үшін Департамент басшылығы мен Ардагерлер кеңесіне алғыстарын білдіріп, ел тыныштығын күзетіп жүрген қызметкерлерге мықты денсаулық, отбасыларына амандық және қызметтеріне табыс тіледі.