7-мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9-мамыр – Ұлы Жеңістің мерекесіне орай қызылордалық полицейлер салтанатты іс-шара ұйымдастырды

7-мамыр – Отан қорғаушылар күні және 9-мамыр – Ұлы Жеңістің мерекесіне орай қызылордалық полицейлер салтанатты іс-шара ұйымдастырды

Бүгін Қызылорда облысының Полиция департаментінде «7 мамыр – Отан қорғаушылар» және «9 мамыр – Ұлы Жеңіс» күндеріне орай мерекелік салтанатты шара өтті.
Іс-шара Қызылорда облысы Полиция департаментінің жеке құрамы, Ішкі істер органдарының ардагерлері, тыл ардагерлері, «Жас сақшы» полиция сыныбының оқушылары, БАҚ өкілдерінің қатысуымен өтті.
Департаменттің мәжіліс залында салтанатты шара бастау алды. Қазақстан Республикасының Туы шығарылып, Әнұран орындалды.
Қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғап жүрген қызметкерлерге, ардагерлерге, тыл ардагерлеріне арнайы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі полиция генерал – лейтенанты Саденов Ержан Сапарбекұлының ресми түрде құттықтау жедел хаты оқытылды.
Өз кезегінде Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы антына адал қызмет етіп жүрген қызметкерлерді 7 мамыр мерекесі мен Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі. Өскелең ұрпақ аға буын - ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді.
Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз.
Теңдессіз ерліктің күшімен келер ұрпаққа бейбітшілік әкелген Ұлы Жеңіс күні қарсаңында ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін мерекемен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ өмір, игілік және ең бастысы – аспанымыз ашық, бейбіт өмір болсын деп тілеймін!» деді Серік Ергешов.
Ардагерлеріміздің ықылас-пейілімен, ізбасарларының жүрегіне құйған жігер-қуаты мен озық ойларының нәтижесінде Қазақстан полициясы қызметкерлерінің қатары нығайып, өркендеп келеді. Бұл ретте Қызылорда облысы Полиция департаменті Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы полиция қызметкерлерін құттықтады.
Айтулы мерекелерге орай ардақты ардагерлер мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше үлес қосқан бірқатар қызметкерлер марапатталды.
Әрі қарай дәстүр бойынша іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Мұндай мерекелік шаралар ішкі істер органдарындағы қызметкерлердің кәсіби рухын көтеруге ықпал етіп, ардагерлер мен жас буын арасындағы байланысты нығайта түсуде.