
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және Киберпол басқармаларының қызметкерлері мектеп оқушыларына нашақорлықтың алдын алу мақсатында арнайы дәріс өткізді. Іс-шара барысында тәртіп сақшылары жасөспірімдерге есірткі заттарының адам ағзасына тигізетін зияны мен оның әлеуметтік зардаптары туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар, есірткінің таралу жолдары, заңнамада көзделген жауапкершілік және қатаңдатылған жаза түрлері жөнінде нақты ақпарат берілді. Бүгінде нашақорлық – қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, есірткі заттарын интернет арқылы тарату деректері жиілеп отыр. Әлеуметтік желілер мен түрлі веб-ресурстарда, сондай-ақ граффити жазбалар арқылы таратылатын күмәнді сілтемелер мен жарнамалар жасөспірімдер үшін үлкен қауіп төндіреді. Осыған байланысты мұндай құқықбұзушылықтарға қатысты жауапкершілік күшейтілгені атап өтілді. Сонымен қатар, оқушыларға интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен одан сақтану жолдары түсіндірілді. Киберқылмыстың алдын алу шаралары мен жеке деректерді қорғау тәсілдері нақты мысалдар арқылы баяндалды. Кездесу барысында оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан толыққанды жауап алды. Бұдан бөлек, полиция қызметіне қабылдану талаптары мен бұл мамандықтың қоғамдағы маңыздылығы жөнінде де ақпарат берілді. Іс-шара соңында оқушылар тәртіп сақшыларына алғыс білдіріп, дәрістің пайдалы әрі мазмұнды болғанын атап өтті. Мұндай кездесулер жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттырып, олардың қылмыстың алдын алуға деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.