Жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы 58 қылмыстың жолы кесілді

Жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы 58 қылмыстың жолы кесілді

Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында тәулік бойы үздіксіз жұмыс жүргізуде.
Осы жылдың басынан бері орталықтың үйлестіруімен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 58 қылмыс ашылды. Сонымен қатар «102» арнасына 13 953 қоңырау түсіп, әрбір хабарлама бойынша тиісті қызмет көрсетілген.
Жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйелері арқылы 30 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған, оның ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 25 002 дерегі тіркелді.
«Мүлдем төзбеушілік» қағидатын қалыптастыру мақсатында бейнебақылау инспекторлары қоғамдық тәртіпті бұзудың бірқатар фактілерін анықтады. Атап айтқанда: қоғамдық орынды ластаудың – 775 дерегі, қоғамдық орында мас күйінде жүрудің – 1 104 дерегі, қоғамдық орында тиісудің – 545 дерегі.
Мәселен, жүк тиелген «Волга» автокөлігінің жүргізушісі қала орталығында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, маневр жасауға тыйым салынған жерде артқа қарай қозғалып, қауіпсіздік белдігін тақпай басқарған. Полиция қызметкерлері оны тоқтатып, тексеру барысында көліктің техникалық байқаудан өтпегенін анықтады. Жүргізушіге бірнеше әкімшілік хаттама ресімделді.
Сонымен қатар облыс орталығындағы көпқабатты үйдің кіреберісінен велосипед ұрлаған 55 жастағы азамат бейнекамералар көмегімен анықталып, ізін суытпай ұсталды.
Қызылорда облысы Полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын сақтауға және қоғамдық тәртіпті бұзбауға шақырады.
Қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау – әр азаматтың міндеті. Қарапайым ережелерді елемеу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Қоғамдық қауіпсіздік – баршамызға ортақ міндет!