
Қызылорда облысында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында кешенді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы уақытта шет мемлекеттерде Telegram мессенджері арқылы белгісіз тұлғалардың мектеп оқушыларына түрлі мазмұндағы ақпараттар таратып, оларды заңсыз әрекеттерге итермелеу фактілері тіркелуде. Осыған байланысты өңірдегі білім беру ұйымдарында профилактикалық кездесулер ұйымдастырылуда. Осындай шаралардың бірі С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінде өтті. Кездесуге 8-11 сынып оқушылары қатысып, Қызылорда облысы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік және экстремизмге қарсы іс-қимыл бағытындағы қызметкерлері арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында оқушыларға білім беру ұйымдарының аумағына әкелуге тыйым салынған заттар мен олардың қолданылуына қойылатын шектеулер туралы кеңінен ақпарат берілді. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандар арасында кездесетін құқық бұзушылық түрлері, олардың салдары мен заң алдындағы жауапкершілік мәселелері түсіндірілді. Мамандар жасөспірімдерді күмәнді ақпараттарға сенбеуге, белгісіз тұлғалармен байланыс орнатпауға және интернет қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырды.