Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы алаңында гарнизондық жиын өтті. Іс-шараны Департамент бастығы полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы өткізді. Жиын барысында қызметтік міндеттерін адал атқарып, ерекше ерлік танытқан қызметкерлер марапатталды. Атап айтқанда ағымдағы жылғы 14 сәуір күні көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде орын алған өрт кезінде екі азаматты аман алып шыққаны үшін Патрульдік полиция батальонының қызмет аға инспекторы полиция капитаны Мамадалиев Қайсар мен қызмет инспекторы полиция лейтенанты Бауржанұлы Руслан Департаменттің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген бірқатар қызметкерлер де марапаттарға ие болды. Іс-шараның негізгі мақсаты - жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзудың жолын кесу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Демалыс күндері полиция қызметі күшейтілген режимде жүргізіледі. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы полиция қызметінің негізгі міндеттері түсіндіріліп, саптық бөлімше командирлеріне нақты тапсырмалар берілді. Жеке құрамға қаруды қолданудың құқықтық негіздері мен оны пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары жеткізілді. Жиын соңында жеке құрам салтанатты саппен жүріп өтіп, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметіне кірісті.