
Ағымдағы жылдың 15 сәуірінде Департаменттің Профилактикалық және әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен «КазАвтоЖол» және көлік прокуратурасымен бірлесіп, өңір аумағынан өтетін республикалық маңызы бар автожолда «Жолда қабылдау» профилактикалық акциясы ұйымдастырылды. Аталған акцияның мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол жүру мәдениетін қалыптастыру. Іс-шара барысында 200-ден астам жүргізушіге профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жол қозғалысы ережелері бойынша арнайы жадынамалар таратылды. Сонымен қатар, жүргізушілерге сәтті жол тілеп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді. Осы ретте, Әкімшілік полиция қызметі басқармасының бастығы Манатов Мұратбек аталған іс-шараның маңыздылығын атап өтті: «Жолдағы қауіпсіздік – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Мұндай профилактикалық шаралар жүргізушілердің тәртібін арттырып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал етеді. Біз алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз», – деді ол. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.