
Қазіргі таңда қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қайта қылмыстың алдын алу – құқық қорғау органдарының негізгі міндеттерінің бірі. Осы бағытта Қызылорда облысының полиция қызметкерлері бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды бақылау, оларды әлеуметтік бейімдеу және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде.
Облыс көлемінде бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен және өзге де құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – босатылған азаматтардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау және олардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу.
Қазіргі таңда полиция органдарының профилактикалық есебінде 61 тұлға тіркелген. Сонымен қатар жалпы есепте 548 адам бар, олардың қатарында әкімшілік қадағалаудағылар, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар және бұрын сотты болған азаматтар қамтылған.
Жыл басынан бері есепте тұрған тұлғалар арасында қайта қылмыстың алдын алу мақсатында бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, «Қауіпсіз аула», «Алкогольсіз аула» және «Қаңғыбас» шаралары ұйымдастырылып, олардың барысында есептегі азаматтардың тұрғылықты мекенжайлары тексеріліп, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, әкімшілік қадағалаудағы тұлғалар, пробация есебінде тұрған азаматтар, сондай-ақ қолайсыз отбасылар қамтылып, барлығымен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар босатылған азаматтарды қайта әлеуметтендіру және жұмыспен қамту мақсатында тиісті мекемелерге ұсыныстар жолдануда. Бұл олардың тұрақты табыс көзіне ие болып, қоғамға толыққанды бейімделуіне мүмкіндік береді.
Полиция тарапынан профилактикалық есепте тұрған тұлғаларға бақылау күшейтілген. Әкімшілік қадағалау орнату бойынша сотқа енгізілген ұсыныстар қанағаттандырылып, талаптарды бұзған азаматтар заң аясында жауапкершілікке тартылды.
Жалпы Қызылордалық полицейлер бұл бағыттағы жұмыстарды тек бақылаумен шектемей, алдын алу және әлеуметтік қолдау шараларымен ұштастыра жүргізуде. Бұл өз кезегінде өңірдегі құқықтық тәртіпті нығайтуға және қауіпсіз қоғам қалыптастыруға оң әсерін тигізуде.