
Қазіргі таңда жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі қоғам үшін аса өзекті болып отыр. Жол үстіндегі қауіпсіздік тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігіне тікелей байланысты. Өйткені бір сәттік салғырттық адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Қызылорда облысы Полиция департаменті жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан бері бірқатар кешенді шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, «Қауіпсіз жол», «Мотоцикл», «Скутер», «Автобус», «Тасымалдаушы», «Абайлаңыз, балалар!», «Бала – сіздің жолаушыңыз», «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары, сондай-ақ «Жолда қабылдау» акциялары ұйымдастырылып, тұрғындар арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Демалыс күндері жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4344 дерегінің жолы кесілді. Олардың қатарында тіркелмеген немесе мемлекеттік нөмірсіз көлік құралдарын басқару, техникалық тексеруден өтпеген автокөліктерді пайдалану деректері де бар.
Сонымен қатар жүргізушілердің ұялы телефон қолдануы, қарсы бағытқа шығуы, мас күйінде көлік басқаруы сияқты өрескел заң бұзушылықтардың да жолы кесілді. Осылайша полицейлер ықтимал ондаған жол – көлік оқиғаларының алдын алды.
Рейд нәтижесінде 188 автокөлік айып тұрағына қойылып, 81 көліктің мемлекеттік нөмірлері алынып, қозғалысы шектелді. Бұл – жол қозғалысы талаптарының сақталуын бақылау бағытындағы нақты жұмыстардың нәтижесі.
Мысалы Қызылорда қаласында 35 жастағы азамат «Mercedes-Benz» автокөлігін алкогольдік масаң күйде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Ал Шиелі ауданында 27 жастағы азамат «Lada 2107» автокөлігіне көрінеу жалған мемлекеттік нөмір тағып басқарғаны анықталып, сот шешімімен 1 тәулікке қамауға алынып, 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция подполковнигі Манатов Мұратбектің айтуынша мұндай жүйелі шаралар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыр зардаптарға жол бермеуге бағытталған.
Мамандардың айтуынша жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі жүргізушілердің жауапсыздығы мен жол ережелерін елемеуінен туындайды. Сондықтан әрбір жүргізуші көлік құралын уақтылы техникалық тексерістен өткізіп, оның жарамдылығына көз жеткізуі қажет. Себебі кез келген ұсақ ақау үлкен апатқа себеп болуы мүмкін.
Жол қауіпсіздігін сақтау – баршамызға ортақ міндет. Осы ретте әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, өз өмірі мен өзгелердің қауіпсіздігіне бейжай қарамауы тиіс.
Жолдағы тәртіп – азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтаудың кепілі.