
Қызылорда облысы аумағында жол жүрісі қағидаларын бұзатын және әкімшілік құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын құрылғыларға қасақана құқық бұзушылық жасап, айыппұл төлеуден жалтарып жүрген автокөліктерді анықтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта департаменттің жеке құрамына нақты тапсырмалар беріліп, жүйелі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың 30 наурыз күні жүргізілген кезекті іс-шара барысында халықаралық және республикалық маңызы бар автожол бойында орналасқан стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғылары арқылы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған дерек тіркелді. Тексеру нәтижесінде «LEXUS RX 330» маркалы автокөліктің 50 жастағы жүргізушісі жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін орнатып, айыппұл төлеуден жалтару мақсатында құқық бұзушылықтарды әдейі жасағаны анықталды. Аталған жүргізуші жылдамдық режимін бірнеше рет бұзып, автоматты тіркеу құрылғыларына жалпы сомасы 1 773 250 теңгені құрайтын 40 құқық бұзушылық жасаған. Осыған байланысты азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жинақталған материалдар Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында қаралып, сот шешімімен жүргізуші 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 1 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Қызылорда облысы Полиция департаменті барлық жүргізушілерді көлік құралдарының құжаттарын заң талаптарына сәйкес рәсімдеуге және жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.