Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 28.12.2023 жылғы № 943 бұйрығымен бекітілген «Ұрлықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған бағдарлама» жоспар талаптары негізінде Қызылорда облысының көлемінде мал ұрлықтарының алдын алу, оларды болдырмау, орын алған қылмыстарды ашу бағытында жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-шаралар жүйелі түрде атқарылып келеді.
Жүргізілген шаралар нәтижесінде ағымдағы жылдың 2 айында облыс көлемінде тіркелген мал ұрлықтарының 3 дерегі ашылып, 5 адамнан тұратын 2 қылмыстық топ құрықталып, олардың қылмыстық әрекеттері әшкереленді. Жәбірленушілерге тиесілі 10 бас мал иелеріне қайтарылды. (4.340.000 теңге шығын)
Мал ұрлықтарының алдын алу мақсатында тұрақты түрде халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, белгіленбеген орындарда қараусыз жүрген мал иелеріне қатысты 152 әкімшілік шара көрілді. (1.972.200 теңге айыппұл)
Ветеринария қызметкерлерімен бірлескен рейдтік іс-шаралар нәтижесінде 48 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қала-аудан орталығында орналасқан мал базарлар мен онда келетін күре жолдарда, сондай-ақ ет сату орындарында жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар жалғасуда.
Сонымен қатар мал ұрлықтарының алдын алу, оларды болдырмау мақсатында облыс көлемінде полиция құрылымдарымен «Мал ұрысы» жедел профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.
Бүгінгі күні полиция мал ұрлығының алдын алу бағытында профилактиканы күшейтті. Тексеріс жұмыстарынан бөлек бақташылармен де сөйлесіп, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Оларға мал ұрлығы жасалған жағдайда қандай жаза қолданылатындығын түсіндіріп, тиісті ережелер жазылған жадынама қағаздар таратуда.
Жайылымдағы малдарға мұқият болып, оқыс оқиғалар орын алған жағдайда дереу «102» арнасы арқылы полиция қызметкерлеріне хабар беру туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді.
«Мал ұрлығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырғаны жасырын емес. Мал ұрлықтарының алдын-алу және ашу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Пада ұйымдастырылып, бақташылар қарастырылған. Өңірлерде түлік иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мал базарлары мен ет өнімдерін сататын орындар, мал сою цехтары үнемі тексеріледі.
Алайда, бұл жеткіліксіз. Әр шаруа, әрбір тұрғын қора мен өрістегі малына жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын күйшейткені абзал» дейді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Тоқтыбаев Серік Әбдімәуленұлы.
Мал ұрлығының өсім алуының бірден - бір себебі азаматтардың малдың жоғалғаны туралы кеш хабарлауы.
Мал иелері өздерінің малдарын жоғалғанын байқаса да полицияға хабарын бермей, көмегіне жүгінбей өз бетінше іздейді, қылмыс орын алған сәттен арада біраз уақыт өтіп, ұрланған мал мен оған қатысты тұлғаларды іздестіруді жеңілдететін маңызды айғақтар мен іздер жоғалып кетеді.