
2026 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның қолдауымен республика көлемінде «СТАЛКИНГТІ ТОҚТАТ!» акциясы жарияланды.
Аталған акция аясында Қызылорда облысы Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік және Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасымен бірлесуімен жастар арасында «Ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиесі» атты форум ұйымдастырылды.
Форумды Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Абдраманов Ермахан Әділханұлы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Іс-шараға спикер ретінде облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Асылжан Оңдасынұлы, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Ибраев Уалихан Серікұлы, Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Исаева Гүлдана Маралбекқызы, облыстық дін істері басқармасының теолог маманы Оспанов Бахтияр Есенгелдіұлы, облыстық жастар ресурстық орталығының жас маманы Балтабай Әсел Бекжанқызы және Қорқыт ата атындағы университеттің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Салтанат Бижігітқызы қатысты.
Спикерлер форумға қатысқан жастарға құқықтық тақырыптар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.
Форум барысында қоғамның болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, сталкингтің қауіптілігі, жеке шекараны құрметтеу, адамның еркін таңдау құқығы мен жеке қауіпсіздігін сақтау мәселелері көтерілді.
Қатысушылар сталкингтің адамның жеке кеңістігін бұзу, психологиялық қысым көрсету және қорқыныш тудыру секілді жағымсыз салдары бар екенін атап өтті. Сонымен қатар қыз алып қашу әрекеті кей жағдайда дәстүр ретінде түсіндірілгенімен, шын мәнінде адамның еркін таңдау құқығын шектейтін және зорлық-зомбылықтың бір түрі ретінде бағаланатыны айтылды.