Қызылорда облысы ПД жеке күзет ұйымдарымен қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

Қызылорда облысы ПД жеке күзет ұйымдарымен қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін талқылады
Қызылорда облысы Полиция департаменті Күзет қызметін бақылау бөлімінің ұйымдастыруымен Республикалық референдум өткізу кезеңінде және наурыз мерекелері қарсаңында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша жеке күзет ұйымдарының басшыларымен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесуге департаменттің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, Әкімшілік полиция басқармасы және Қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қатысып, жеке күзет ұйымдарының филиалдары мен өкілдіктері жетекшілерімен бірлескен іс-қимыл тетіктері талқыланды.
Жиын барысында ІІО мен жеке күзет ұйымдары арасында жасалған меморандум аясында күзетілетін объектілерде, оның ішінде қару-жарақ сақтау орындары мен дүкендерде, террористік тұрғыдан осал объектілерде, сондай-ақ адамдар жаппай жиналатын орындарда (сауда-ойын-сауық орталықтары, түнгі клубтар және т.б.) бақылауды күшейту және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Сонымен қатар облыс аумағындағы, оның ішінде сайлау учаскелері орналасқан нысандарда көрсетілетін күзет қызметінің сапасын арттыру қажеттігі атап өтілді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу, орын алған жағдайда ішкі істер органдарына дер кезінде хабарлау тәртібі бойынша нақты нұсқамалар беріліп, қауіпсіздік шараларын үйлесімді түрде жүзеге асыруға шақырылды.
Күзет қызметін бақылау бөлімі тарапынан жеке күзет ұйымдарына бірқатар талаптар қойылды. Атап айтқанда, білім беру ұйымдары, қару-жарақ сақтау қоймалары мен дүкендер, террористік тұрғыдан осал объектілерде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жасы 50-ден аспаған, кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар, денсаулық жағдайы жарамды және жедел шешім қабылдай алатын күзетшілерді тарту қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мақсатында жедел ден қою топтарының қызметін үйлестіру міндеттелді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірде қауіпсіз қоғам қалыптастыруға өз үлесін қоса бермек.