Қызылордада «Заң мен Тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» жобасы аясында кездесу өтті.

Қызылордада «Заң мен Тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» жобасы аясында кездесу өтті.
Қызылорда қаласында «Заң мен Тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» жобасы шеңберінде жасөспірімдермен кезекті профилактикалық кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері Қызылорда "Авиценна" колледжі студенттерімен және №187 орта мектептің оқушыларымен жүздесіп, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Шараға Қызылорда облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының басшылығы мен қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция инспекторлары қатысты. Мамандар жасөспірімдерге құқық бұзушылықтың алдын алу, буллинг пен сталкинг, бұзақылық әрекеттер, есірткі қылмыстары, кәмелетке толмағандарға қатысты және оларға қарсы жасалатын құқыққа қайшы әрекеттер, сондай-ақ интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Сонымен қатар оқушыларға кез келген құқық бұзушылықтың заң алдындағы жауапкершілікке әкеп соғатыны түсіндіріліп, заңды құрметтеу мен қоғамдық тәртіпті сақтау – қауіпсіз әрі жарқын болашақтың негізі екені ерекше атап өтілді.
Ашық форматта өткен кездесуде жасөспірімдер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды. Мұндай профилактикалық іс-шаралар өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады.