Қызылордада ішкі істер органдарының ардагерін еске алуға арналған облыстық турнир өтті

Қызылордада ішкі істер органдарының ардагерін еске алуға арналған облыстық турнир өтті

Қызылорда қаласындағы «Евразия» спорт кешенінде Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының құрметті ардагері, полиция полковнигі Тұңғышбай Серікбол Қуатбайұлын еске алуға арналған шағын футболдан облыстық ашық турнир өткізілді. Аталған спорттық іс-шараны Қызылорда облысы Полиция департаменті, Қызылорда облысының Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері ұйымы және «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының облыстық филиалы ұйымдастырды.Турнирдің ашылу рәсімінде Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлы сөз сөйлеп, жарыстың маңыздылығына тоқталды. Өз сөзінде құрметке лайық ардагерлерімізді еске алу мақсатында спорттық сайыстардың дәстүрлі түрде ұйымдастырылатынын атап өтті. Мұндай жарыстар ардагерлер арасында спортты дамытуға, ұжымдық бірлікті нығайтуға және кәсіби рухты көтеруге ықпал ететіні айтылды. Турнирдің жоғары деңгейде ұйымдастырылатынына сенім білдіріліп, қатысушыларға сәттілік тілегін арнады. Сонымен қатар, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы сөз сөйлеп, марқұмның ішкі істер саласындағы ұзақ жылғы еңбегі мен қызметтік жолына тоқталды. Турнирге Серікбол ағамыздың отбасы арнайы қатысып, еске алу сөзін сөйледі. Атап айтқанда, Тұңғышбай Серікбол Қуатбайұлының бауыры Әбдіраманова Бисенкүл мен жұбайы Тұңғышбаева Гүлнар сөз алып, оның адамгершілік қасиеттері, қызметтегі адалдығы мен отбасына деген қамқорлығы жайында тебірене еске алды. Олар турнирді ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, көрсетілген құрмет үшін алғыстарын жеткізді. Қазақстан Республикасының Гимні шырқалып, ардагерді еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды. Турнирге құқық қорғау органдары ардагерлері мен арнайы құрылымдардың қызметкерлерінен құралған 8 команда, барлығы 120-ға жуық қызметкер қатысты. Жарыс барысында командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, тартысты ойын өрнегін паш етті. Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді: 🥇 І орын – Қызылорда облысы Полиция департаменті басшылары 🥈ІІ орын – Қызылорда қаласы Полиция Басқармасы ардагерлері 🥉 ІІІ орын – Арнайы мақсаттағы бөлініс ардагерлері Сондай-ақ бірқатар ойыншылар арнайы номинациялармен марапатталды: Үздік қақпашы- Тұрсынов Алмат. Үздік қорғаушы- Сопбеков Бауыржан. Үздік шабуылшы- Шакенов Талғат. Үздік ойыншы Сейітов Дәулет. Сұрмерген-Омаров Оралбек. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, кубоктармен және медальдармен марапатталды. Іс-шара жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп, ішкі істер органдары ардагерлері арасындағы бірлік пен сабақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды спорттық шара ретінде қорытындыланды.