«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» – ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ КЕПІЛІ

«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» – ҚАУІПСІЗ БАЛАЛЫҚ ШАҚ КЕПІЛІ

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Қызылорда облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Е. Жаукеев Қызылорда қаласындағы И. Әбдікәрімов атындағы политехникалық жоғары колледжінің студенттерімен кездесу өткізді. Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі 2026 жылды «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай ұйымдастырылған іс-шараға аталған оқу орнының 1–3 курс студенттері қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың заңға қайшы әрекеттеріне қоғамда төзбеушілік көзқарас қалыптастыру және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Кездесу барысында сала басшылары нақты өмірлік оқиғаларға тоқталып, студенттердің көкейінде жүрген сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Әсіресе бұзақылық әрекеттер, заңмен тыйым салынған үшкір және тескіш заттарды алып жүру, буллинг пен кибербуллинг, сталкинг, некеге мәжбүрлеу, нашақорлық және әкімшілік құқықбұзушылықтардың салдары туралы кеңінен айтылды. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау және интернет кеңістігінде алаяқтық әрекеттерден сақ болу мәселелері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Полиция қызметкерлері күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайларды мысалға ала отырып, еркіндік пен жауапкершіліктің өзара тығыз байланыста екенін атап өтті. Жеке қауіпсіздік әр адамның саналы таңдауы мен заңды құрметтеуінен басталатыны ерекше айтылды. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, жастар өз ойларын еркін білдіріп, өздерін толғандырған сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Осындай алдын алу бағытындағы шаралар жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың азаюына ықпал етіп қана қоймай, олардың өз күшіне деген сенімін нығайтуға, заңға құрметпен қарауына және қауіпсіз қоғам құру – баршамызға ортақ міндет екенін түсінуіне жол ашады.