Жедел басқару орталығынан репортаж: Қызылордада бейнебақылау инспекторы мас күйінде көлік басқарған жүргізушіні анықтады

Жедел басқару орталығынан репортаж: Қызылордада бейнебақылау инспекторы мас күйінде көлік басқарған жүргізушіні анықтады

Қызылорда облысы Полиция департаментінің ЖБО бейнебақылау инспекторы қызмет өткеру барысында облыс орталығында қасақана құқық бұзушылықтың алдын алды.

Кезекшілікке түскен полиция қызметкері қоғамдық орындарды бейнебақылау камералары арқылы зерделеу барысында қала орталығында автокөлік жанында спирттік ішімдік ішіп тұрған азаматтарды байқайды. Олардың бірі көлік тізгініне отырып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневрлар мен дрифт элементтерін орындағаны         анықталды.     

Аталған дерек бойынша бейнебақылау инспекторы дереу әрекет етіп, оқиға орнына жақын маңда жүрген патрульдік полиция қызметкерлеріне хабар береді. Жедел қабылданған шаралар нәтижесінде жүргізуші ұсталды.

Наркологиялық сараптама қорытындысына сәйкес құқық бұзушының орта дәрежелі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Тексеру барысында 27 жастағы ер адамның өткен жылы сот үкімімен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.              

Автокөлік бірден айыптұрағына қойылды. Жүргізуші қамауға алынып, оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігі – «Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралын басқару арқылы жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қалған азаматтар қоғамдық орындарда масаң күйде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аталған азамат бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылса да, тиісті қорытынды шығармаған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Қызылорда облысының Полиция департаменті жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және мас күйде көлік тізгініне отырмауға шақырады.