Жалағаш ауданында полиция қызметкерлері бүлдіршіндерге жол қауіпсіздігін түсіндірді

Жалағаш ауданында полиция қызметкерлері бүлдіршіндерге жол қауіпсіздігін түсіндірді

Жалағаш ауданының полиция қызметкерлері өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқушыларына арналған алдын алу іс-шарасын өткізді.

Іс-шара барысында балалармен «Жол қозғалысы» тақырыбында танымдық әңгіме жүргізіліп, жолда өзін қауіпсіз ұстау ережелері қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндірілді. Полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілер өткелінен өту тәртібі, бағдаршам белгілерінің мәні, жол белгілерінің маңыздылығы туралы айтып өтті. Сонымен қатар көшеден өту кезінде ересектердің көмегіне жүгіну, ойын барысында жолға жақын бармау қажеттігі ерекше атап өтілді.

Алдын алу шарасы интерактивті форматта ұйымдастырылып, бүлдіршіндер сұрақтарға белсенді жауап беріп, жол қозғалысына қатысты суреттер арқылы өз білімдерін көрсетті. Полиция қызметкерлері балалардың белсенділігіне ризашылық білдіріп, қауіпсіздік ережелерін сақтау – әр адамның басты міндеті екенін жеткізді.

Мұндай профилактикалық іс-шаралар балалардың жол қозғалысы ережелерін ерте жастан меңгеруіне септігін тигізіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға оң ықпал етеді.