Қызылордада «Құқық қорғау қызметіне – білікті кадрлар» тақырыбында студенттермен кездесу өтті

Қызылордада «Құқық қорғау қызметіне – білікті кадрлар» тақырыбында студенттермен кездесу өтті

Бүгін Қызылорда облысы Полиция департаментінің криминалистикалық полигоны базасында «Заң мен Тәртіп» идеологиясы аясында облыстық прокуратура мен Полиция департаменті бірлесіп, «Құқық қорғау қызметіне – білікті кадрлар» тақырыбында кездесу ұйымдастырды.

Іс-шараға «Қорқыт Ата» және «Болашақ» университеттерінің студенттері қатысты.

Кездесу барысында прокурорлар мен тергеушілер арнайы дәлелдемелерді анықтау және бекіту, процесс қатысушыларының рольдерін айқындау тұрғысынан студенттердің өздерін қатыстыра отырып мастер-класс өткізді.

Полиция қызметкерлері қылмыстарды ашуда криминалистикалық технологиялардың озық үлгілері мен олардың қолданылу аясына, заманауи криминалистикалық техника құралдарының қылмыспен күресуде атқаратын қызметіне тоқталды.

Кинологтар қызметтік иттердің есірткі мен жарылғыш заттарды анықтау барысын тәжірибе жүзінде көрсетті. Арнайы жасақ қызметкерлері жарылғыш затты залалсыздандыруда қолданылатын заманауи техниканың жұмысымен және қауіпсіздік талаптарымен таныстырды.

Мұндай тәжірибелік сабақтардың маңызы өте зор. Әсіресе құқық қорғау органдары саласына мамандар даярлау барысында теориялық білімді практикамен ұштастыру студенттердің құқық қорғау органдарындағы қызметтің ерекшелігін түсінуге, болашақ кәсіби қызметіне деген қызығушылығын арттыруға, одан бөлек білімдерін шыңдауға мүмкіндік береді.