
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында елімізде «Үлгілі жүргізуші – 2025» республикалық акциясы бастау алды.
Акция ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен өткізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың мәдениетін көтеру, жол жүрісі қағидаларын сақтау деңгейін жақсарту, сондай-ақ үлгілі мінез-құлық танытқан жүргізушілерді ынталандыру.
Акция барысында автокөлік жүргізушілерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жол-көлік оқиғаларының жиі орын алатын себептері туралы ақпараттық жадынамалар таратылды.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылып жатқан шара аясында БАҚ өкілдерімен бірлесіп, жүргізушілерге жол жүрісі қағидаларын сақтау керектігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, автопарктер, такси тұрақтары, жанармай құю бекеттері мен республикалық маңызы бар тасжолдарда профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, қоғам назарын жол қауіпсіздігі мәселелеріне аударуға бағытталған мотивациялық бейнероликтер жарияланды.
Бүгін облыс орталығында орналасқан «АRAY CITY MALL» сауда үйінде өткен «Үлгілі жүргізуші – 2025» акциясына Полиция департаментінің басшылығы мен қызметкерлері, БАҚ өкілдері, еріктілер мен қала тұрғындары белсене қатысты.
Шараның ашылу салтанатында Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Абдраманов Ермахан Әділханұлы сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталды.
Акцияға белсенді қатысып, жол жүрісі қағидаларын бұлжытпай орындайтын, жолаушыларға құрмет көрсеткен 11
жүргізушіге арнайы алғыс хаттар мен символикалық сыйлықтар табысталды.
Мәселең, байқау нәтижесі бойынша үлгілі жүргізуші атағына қала тұрғыны Нух Оздин лайық деп танылды. Жас ұрпақты тәрбиелейтін жауапкершілігі мол мамандық иесі 20 жылдан бері көлік тізгінінде. Осы уақыт ішінде ол бірде-бір жол ережесін бұзбаған, жылдамдықты асырмаған және көлігін техникалық тексерістен уақытылы өткізіп отырған. Сонымен қатар, ол бірнеше рет жолда апатты жағдайға тап болған жүргізушілерге көмек көрсетіп, қарапайым азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсете білді.
Барлық тәртіпті жүргізушілер Полиция департаменті бастығының Алғыс хатымен және естелік сыйлықпен марапатталды.
Сондай - ақ жас жол инспекторларының жұмысын ұйымдастырып, балаларға жол қауіпсізідігі қағидаларын үйретуге қосқан үлесі үшін № 101 мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары Гүлзира Оразгелдіқызы Алғыс хатпен марапатталды.
Акция барысында өңірдегі жетекші көлік мектептері де арнайы марапаттарға ие болды.
Сонан соң қатысушылар арасында жол қозғалысы ережелері бойынша қызықты викторина ұйымдастырылып, қатысушылар білімдерін сынауға мүмкіндік алды. Шара концертпен тәмамдалды. Тәртіп сақшылары мен жергілікті өнерпаздар өнерлерін паш етіп, кешті жандандыра түсті.