Қызылорда қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері қала аумағының тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында 8 тамыз сағат 07:30 шамасында Қызылорда қаласының көшелерінің бірінде жол қауіпсіздігі ережесін бұзған «Sprinter» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Алайда 46 жастағы қала тұрғыны полицейлердің талабына бағынбай, қашып кетпекші болды.Тоқтатып тексеру барысында автокөлік жеке балабақшаның балаларын масаң күйде тасымалдағаны анықталды. Наркологиялық сараптама
нәтижесі бойынша оның женіл дәрежелі масаң күйде болғандығы белгілі болды.
Тәртіп бұзушыға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша және бірнеше әкімшілік хаттамалар ресімделді. Масаң күйде көлікті басқарған жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сондай - ақ жүргізуші жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін. Автокөлік айып алаңына қойылды.
Жүргізушілердің арасындағы ең көп таралған әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі көлікті мас күйінде жүргізу екендігі бәрімізге мәлім. Осы ретте Қызылорда қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері жол-көлік апаттарының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау мақсатында рейдтік іс – шаралар жүргізуде.