Арақтан бас тартқан ауыл тынысы

Арақтан бас тартқан ауыл тынысы

Сыр өңірінде ішімдіктен бас тартқан берекелі ауыл бар. Арал ауданы, Қосжар елді мекенінің тұрғындары ішімдіктен мүлдем бас тартқан. Ауыл ақсақалдарының бастамасын ауыл халқы қолдап, ішімдікпен бірлесіп күресуге кіріскен. Соның арқасында аталған елді мекенде 5 жылдың бедерінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген екен.
Қосжар елді мекені Арал ауданынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауыл халқы бау-бақшасын баптап, төрт-түлік түлетіп, балық шаруашылығымен айналысуда.
Елді мекенде 94 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Мұндағы дүкендер арақ-шарап сатуды тоқтатқан. Осылайша, ақсақалдар бастап, жастары жағы қоштап, үлгілі ауыл атанды.
Бүгінде арақтан бас тартқан ауылдың бірлігі бекем, тірлігі түзу. Соңғы 5 жылда мұнда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Мал ұрлығы да сап тыйылған. Бұл - полицей мен ауыл халқының бірлесе атқарған жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Полиция капитаны Қазыбеков Жасулан Орынбасарұлы Қосжар елді мекенінің учаскелік инспекторы болып 2024 жылы тағайындалған. Осы өңірдің тумасы. Жасулан Орынбасарұлы жұмысында темірдей тәртіпке бағынған қызметкер болса, өз шаңырағына тірек болған отағасы, балаларына қамқор әке.
Жылдан – жылға дамып, халқының әленуеті жақсарып келе жатқан бұл ауылдардағы кәсіпкерлер де тұрғындардың бастамасына қолдау білдіріп, алкоголь сатудан бас тартқан.