Полиция күніне орай Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары брифинг берді

Полиция күніне орай Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары брифинг берді

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Омаров Оралбек Тәубақабылұлының қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өтті.
1992 жылғы 23 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы» Заңды қабылдады және 2007 жылы 5 маусымда Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым – Полиция күні деп бекітілді.
Қазақстан полициясы күні – осы жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болғандарға, ардагерлерге және бүгінде еңбек етіп жүргендерге ризашылық пен алғыс білдіру күні.
Сонымен қатар, бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып саналады.
Осы күні егеменді елімізде Қазақстан полициясының іргетасын қалаған ардагерлерге құрмет көрсетіп, тыныштық пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтауда жан қиған әріптестерімізді еске аламыз.
Тәуелсіздік жылдары қызметтік міндеттерін атқару кезінде Қызылорда облысы Полиция департаменті бойынша 4 қызметкер қаза тапты.
«Бейбіт уақытта азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткен милиция лейтенанты Бектұрсынов Есен Бақтиярұлының (1992 жылы қайтыс болған), милиция капитаны Әбішев Кеңесбек Махметханұлының (1997 жылы қайтыс болған), милиция сержанты Қалеков Қайрат Шаразадинұлының (1998 жылы қайтыс болған), полиция аға лейтенанты Қозыбаев Талғат Есентайұлының (2003 жылы қайтыс болған) есімдері Біздің мәңгі есімізде.
Бұл батырларымыздың жасаған өшпес ерліктері мен жанқиярлық әрекеттері мен есімдері тек біздің ғана емес, барша халықтың жүрегінде сақталады деген үміттеміз» деді О.Омаров.
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция капитаны Әбішев Кеңесбек Махметханұлының құрметіне Жалағаш ауданындағы №124 орта мектебінде, полиция лейтенанты Қозыбаев Талғат Есентайұлының құрметіне Сырдария ауданындағы №131 орта мектебінде, милиция лейтенанты Бектұрсынов Есен Бақтиярұлының құрметіне Шиелі ауданындағы №47 мектеп-лицейінде және полиция лейтенанты Қозыбаев Талғат Есентайұлының құрметіне Арал қаласындағы №71 орта мектебінде «Жас сақшы» полиция сыныптары ашылды.
Қызылорда облысы Полиция департаментіне қарасты ардагерлер ұйымында 2500-ден астам ардагер-зейнеткерлер тіркелген. Сонымен қатар полиция қатарында ерлермен бірге погон таққан 274 әйел қызметкер қызмет атқарады.
Мемлекет басшысының «Жұртқа жақын полиция» қағидатын орындау аясында тиісті жұмыстар жасалуда.
Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысқа қарсы күрес, тұрғындарды қауіп-қатерден қорғау үшін Полиция департаментінің материалдық-техникалық жағдайының жақсаруына жергілікті атқарушы органдардың көмегі зор.
Қолдау көрсеткен облыс әкімдігі мен жергілікті атқарушы орган басшыларына алғысымызды білдіреміз.
«Ішкі істер министрлігінің бастауымен ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы қабылданып, оның шеңберінде қызметкерлердің әлеуметтік жағдайы да едәуір жақсарды, жалақысы көбейді, тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы алатын қызметкерлердің тізімі артты.
Сол себептен полиция қызметкерлері антына адал, еліне адал қызмет атқаруы тиіс.
Біздің әріптестеріміз күндіз де, түнде де, ыстықта да, суықта да қоғамдық қауіпсіздікті сақтап, азаматтардың құқығы мен тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп келеді.
Құрметті ардагерлер, әріптестер! Барлығыңызды Полиция департаменті басшылығының атынан Полиция күні мерекесімен құттықтаймын.
Сіздерге зор денсаулық, халқымыздың бейбітшілігі мен тыныштығы, Қазақстанды өркендету жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, шаңырағымыз ырыс-несібеге толсын!» деген ізгі лебізін білдірді Департамент бастығының орынбасары О.Омаров.