Қостанайлық полицейлер “ҚАЗТЕСТ” жүйесі бойынша тест тапсырды

Қостанайлық полицейлер “ҚАЗТЕСТ” жүйесі бойынша тест тапсырды


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі “Ұлттық тестілеу орталығы” Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын “ҚАЗТЕСТ” жүйесі бойынша қазақ тілін білу деңгейін анықтау мақсатында диагностикалық тестілеу өткізді.

Тестілеуге Қостанай облысының 63 полиция қызметкері қатысты. Мақсат – қазақ тілін білу және оқу бағдарламасын меңгеру деңгейін айқындау. Сынақ нәтижесі бойынша тәртіп сақшыларының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі анықталатын болады.

“Қазтест” жүйесі бойынша полицейлер мәтінді тыңдап және аударып, лексикалық, грамматикалық тапсырмаларды орындады.

Жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Илья Криницин мемлекеттік тіл үйрету сабағына қатысып жүргеніне екі жылдай уақыт болыпты. Айтуынша, игерген білім бағдарламасы және қазақ тілін күнделікті қызметте жиі қолданатындықтан, тест тапсыру ешқандай қиындық тудырмаған.

Полиция департаментінде қызметкерлерге қазақ тілін үйрету, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту жұмыстарына ерекше назар аударылған. Қазақ тілі сабақтарын Тілдерді дамыту басқармасы “Тілдарын” оқыту орталығының мамандары аптасына екі рет жүргізеді.