Қостанай облысында полицейлер көші-қон заңнамасына қатысты 50-ден астам бұзушылықты анықтады

Қостанай облысында полицейлер көші-қон заңнамасына қатысты 50-ден астам бұзушылықты анықтады
Республика бойынша жүргізіліп жатқан "Мигрант" жедел алдын-алу шарасы шеңберінде Қостанай облысында көші-қон заңнамасына қатысты 50-ден астам бұзушылық анықталды. Негізінен, бұл шетелдік азаматтардың ел аумағында болу ережелерін бұзу.
21 азамат ішкі істер органдарын шетелдіктердің өздерінде болғандығы туралы хабардар етпегені үшін, 3 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Күшейтілген рейдтік іс-шаралар барысында біз тұрғын үй алаптарын, жатақханалар мен саяжай алаптарын аулалық және пәтерлі аралауды жүргіземіз. Шетелдіктердің болуы мүмкін шалғай жерлерін - шаруа қожалықтарын тексеруге ерекше көңіл бөлінеді, - деп атап өтті ПД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы Қайрат Дүтпаев.
Кеше Ұзынкөл ауданында шекара маңындағы бақылау-өткізу пунктінде мемлекетаралық іздеуде жүрген көрші мемлекеттің 22 жастағы азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Ол ұрлық жасағаны үшін іздеуде екені анықталды.
Ведомствода қабылдаушы тұлғалар көші-қон қызметіне келген шетелдіктер туралы олар келген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті екенін еске салады.
Жыл басынан бері полиция өңірде көші-қон заңнамасына қатысты 330-дан астам бұзушылықты анықтады.