Қостанай облысында браконьерлік фактісі анықталды

Қостанай облысында браконьерлік фактісі анықталды

Меңдіқара полиция бөлімінің полиция қызметкерлері "Браконьер" ЖАШ шеңберіндегі рейдтік іс-шаралар барысында 41 жасар жүргізушіні ұстады.

Ол түнгі уақытта ауыл ішінде көлікті шамын қоспай басқарған. Полиция қызметкерлері аудан тұрғынын тоқтатып, автокөлікті тексерді. Жүксалғыштан екі елік пен атылған түлкінің еті табылды. Сондай-ақ, автокөліктің салонында тіркелген аңшылық мылтық болған.

Ер адам аудан аумағында жануарларды заңсыз атқанын айтты. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабында көзделген "Заңсыз аңшылық" сотқа дейінгі тергеу басталды.

Табиғатты қорғау полициясының қызметкері Ғазретғали Әлімғазиннің айтуынша, Қостанай облысында "Браконьер" ЖАШ кезінде заңсыз аң аулауға байланысты 4 қылмыстық құқық бұзушылық және 160 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Салынған айыппұлдар сомасы 1 млн. теңгеден асты. Заңсыз айналымнан тіркелмеген аңшылық қарудың 6 бірлігі тәркіленді.

Сондай-ақ, "Браконьер" ЖАШ барысында полиция қызметкерлері орталық алаңда Қызыл кітапқа енген аққуды құтқарды.

- Аққу қардан табылды, қатып қалуға таяу қалған. Ол "Зоопульске" жеткізілді, онда қажетті тексеру жүргізіліп, көмек көрсетілді", - деді Газретғали Әлімғазин.

Ветеринария ғылымдарының кандидаты Виктория Машидиева құстың жас екендігін, ұшып кете алмағанын атап өтті. Әзірге ол "Зоопульсте" болады, кейін табиғи ортаға жіберілетін болады.