
Қостанай облысында «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!» акциясының қорытындысы шығарылды
Қостанай облысында 14-16 қыркүйек аралығында өткізілген «Назар аударыңыз, жаяу жүргінші!» республикалық профилактикалық акциясының қорытындысына арналған брифинг өтті.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және жолдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған профилактикалық жұмыстың нәтижелері туралы хабарлады.
Жол-көлік оқиғаларының жай-күйіне жүргізілген талдау нәтижесінде апаттық қауіпті учаскелер мен жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін орындар анықталды. Аталған учаскелерде патрульдік нарядтардың, оның ішінде жаяу патрульдердің жұмысы күшейтілді.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілер инфрақұрылымының және сыртқы жарықтандыру жүйелерінің жай-күйін тексерді. Білім беру ұйымдарында профилактикалық іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, азаматтарға жарық қайтарғыш элементтер таратылды.
Қостанай қаласында АПК ЦОУ деректеріне сәйкес жол-көлік оқиғалары көп тіркелген бірқатар қиылыстар анықталды. Олардың қатарында Назарбаев даңғылының Доненбаева және Дзержинский көшелерімен, Абай және Тәуелсіздік көшелерімен, Қайырбеков және Кубеев көшелерімен қиылыстары, сондай-ақ басқа да учаскелер бар.
«Қабылданып жатқан шаралар құқық бұзушылықтардың жолын кесумен қатар, ең алдымен, олардың алдын алуға бағытталған. Біз жол-көлік оқиғаларының себептері мен орындарына тұрақты түрде талдау жүргізіп, профилактикалық жұмыстың жаңа тәсілдерін енгіземіз, апаттық қауіпті учаскелердегі жұмысты күшейтіп, қосымша жұмыс форматтарын қолданудамыз. Қабылданып жатқан кешенді шаралар мен бөлімшелердің жаңа бастамалары жол-көлік оқиғалары санының төмендеуіне және оң динамикаға ықпал етеді деп сенеміз», – деді Қостанай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жеңіс Бисембаев.
Акция аясында жол және техникалық инспекция қызметкерлері жаяу жүргіншілер өткелдеріне 130 тексеру жүргізді. Анықталған кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға 112 нұсқама енгізілді.
Апаттық қауіпті учаскелерде жалпы ұзындығы 180 метр болатын жасанды жарықтандыру орнатылды.
Балалардың жол қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Білім беру ұйымдарында тақырыптық сабақтар мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Таңғы уақытта мектептерге кіреберіс жолдарда полиция қызметкерлерімен бірлесіп жас инспекторлар қозғалысының мүшелері кезекшілік атқарды.
Республикалық акция аяқталғанымен, профилактикалық жұмыс тұрақты негізде жалғасуда. Қостанай облысының полициясы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, апаттық жағдайларды төмендетуге және жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды жалғастырады.
#ЗаңЖәнеТәртіп